Оқиға

«Шетелге оқуға түскен»: мектеп оқушылары қатарласының жетістігін көре алмай, соққыға жыққан

Жаңаөзенде лицей тәрбиеленушілері 11-сынып оқушысының жетістігін қызғанып, оны соққының астына алған. Оқиға жәбірленушінің үйінің жанындағы жеке тұрғын үй кешенінде болды, деп хабарлады Elordaimfo.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, Жаңаөзендегі «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы, 11-сынып оқушысын ұрып-соғу оқиғасы туралы хабарлама келіп түскен.

Хабарламада 16 сәуір қарсаңында түлекті үйінің жанында құрдастары ұрып-соққаны айтылады. Мұның себебі қызғаныш болған, өйткені оқушы жақында шетелдік университетке грантқа түскен. Ал лицейдің президенті әрі оның құрдасы бұл шабуылға себепші болғандығы айтылды.

Әкесі ұлына көмектесуге асыққанмен, ол да аяғынан жарақат алып, топқа қарсы тұра алмапты. Қазіргі уақытта жәбірленуші әкесімен бірге Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасында жатыр.

Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасы мәліметінше, 11-сынып оқушысына жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, желке тұсының жарақаты мен тері астындағы гематомасы, бет және тізе жарақаты диагнозы қойылғаны хабарланды. Оның әкесі де сол жақ аяғынан жабық сынық жарақатын алған.

Соңғы мәліметтерге иек артсақ, Жаңаөзен полициясы күдіктілерді ұстап, 11-сынып оқушысы мен оның әкесін ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, жанжалдың барлық қатысушылары анықталды. Түлекті ұрды деген күдікке ілінген кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге Жаңаөзен полиция басқармасына жеткізілді. Барлық оқиғаға қатысы бар құқық бұзушылардың заңды өкілдерінің жауапкершілігі туралы мәселе қаралатын болады. Ал барлық кінәлілер профилактикалық есепке қойылады.

«Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберу үшін материал дайындалып жатыр», - деді құқық қорғау органдары.