Жұмыстан шығарылған үш мұғалім директордан өтемақы өндіріп, қызметтеріне қайта оралды
Жамбыл облысында Жуалы аудандық соты жергілікті мектеп пен зейнет жасына жеткен соң жұмыстан шығарылған үш мұғалім арасындағы еңбек дауын қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот мектеп директорының еңбек заңнамасын бұзғанын анықтады. Ол мұғалімдермен жасалған еңбек шарттарын зейнет жасы толмай тұрып бұзып, заң бойынша бір ай бұрын ескерту жасамаған.
Мұғалімдердің еңбек шарттарында олардың сұрауы бойынша оқу жылының соңына дейін жұмыс істеу құқығы болған. Алайда бұл талап ескерілмеген.
Талапкерлер сотқа шағым түсіріп, жұмыстан шығаруды заңсыз деп тануды, қызметтеріне қайта орналастыруды, амалсыздан бос жүрген уақыттағы еңбекақыларын өндіріп беруді, моральдық зиян және өкіл шығындарын өтеуді сұрады.
«Сот жұмыстан шығаруды заңсыз деп танып, оларды қызметтеріне қайта орналастырды. Мектептен 9 миллион теңгеден астам өтемақы, 300 мың теңге моральдық зиян және 900 мың теңге өкіл қызметіне кеткен шығынды өндіріп берді», - деп хабарлады Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі.
Шешімдер заңды күшіне енген жоқ.