Оқиға

Заң және тәртіп: шетелге стратегиялық шикізатты шығарудың қылмыстық схемасы әшкереленді

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі стратегиялық шикізатты шетелге заңсыз шығару бойынша көлеңкелі схемаларға қарсы күресті жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Металл сынығының кейбір түрлерін экспорттауға қолданыстағы мораторийге қарамастан, оларды шекарадан контрабандалық жолмен шығаруға әрекеттер жасалып жатыр. 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде, Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратурамен бірлесіп, рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген компанияның заңсыз қызметінің жолын кесті. Аталған компания түсті металдарды заңсыз қабылдап, өңдеуді ұйымдастырып, ілеспе құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы оларды бірнеше рет ел аумағынан тысқары шығаруға тырысқан.

Кәсіпорын аумағында жүргізілген тінту шаралары барысында шетелге жөнелтуге дайындалған 600 тоннадан астам қорғасын және 100 тоннадан астам алюминий құймалары, сондай-ақ түсті металл сынығы тәркіленді.

Металл балқытуға арналған жасырын цех пен оның құрамын алдын ала зерттеуге арналған зертхана жойылды.

Бұдан бөлек, нысан аумағында заңсыз еңбек еткен, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтар ұсталып, олар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуда.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық схеманың түпкі бенефициарлары анықталуда.

Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.