Оқиға

«Заң және тәртіп»: елордада үйінде есірткі өсірген ер адам ұсталды

Астанада қалалық прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасып жатыр. Іс-шара барысында құқық қорғау органдары өз үйінде есірткі өсіріп, оны таратумен айналысқан ер адамды анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жедел іс-шара кезінде полицейлер ер адамның өз үйінде марихуана өсіргенін анықтады. Оның бір бөлмесінде шағын жылыжай жабдықталғаны белгілі болды.

Тәртіп сақшылары оқиға орнынан 15 құмыраға егілген тыйым салынған өсімдіктер мен оларды өсіруге арналған қажетті құрал-жабдықтарды тәркіледі.

Тергеу барысында ер адамның бұл іске мұқият дайындалғаны анықталды – арнайы шам орнатып, желдеткіш жүргізіп, қажетті температуралық режимді сақтап отырған.

Осымен шектелмей, ол синтетикалық есірткіні сатумен де айналысқан. Оны жасырып кету барысында автотұрақта ұстады. Тінту барысында оның үйінен, көлігінен және жеке заттарынан құрамында Alpha PVP бар 40-тан астам орам табылып, тәркіленді.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіргені үшін де, оларды өткізгені үшін де қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқық қорғау органдары азаматтарды кез келген заңсыз есірткі айналымы фактілері туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.

Елордада өтіп жатқан есірткіге қарсы мұндай шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысына және өзге де қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге бірлесіп қарсы тұруға зор үлес қосады.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар бірлескен рейдтерді, оқу орындарында профилактикалық түсіндіру жүргізуді, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтап, жоюды қамтиды.