Оқиға

"Қытайдан арзан тауарлар жеткіземін": Азаматтардың 67 млн теңгесін жымқырған алаяқ сотталды

Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласының азаматшасы жергілікті тұрғындар мен астаналық азаматтарды алдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол Қытайдан арзан тауарларды жеткіземін деген сылтаумен Астана және Қосшы қалаларының аумағында тұратын 33 адамның 67 млн астам қаражатын иемденді. 

«2023 жылдың қыркүйегінде азаматша көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында WhatsApp мессенджерінде топтар құрып, тауарларды төмен нарықтық бағамен жарнамалаған. Қаражатты алғаннан кейін ол өз міндеттерін орындамай, алған ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған», - делінген хабарламада.

Қосшы қалалық сотының үкімімен азаматша 6 жылға бас бостандығынан айырылды (үкім заңды күшіне енді).

Ақмола облысының прокуратурасы азаматтарды онлайн транзакциялар жасау кезінде мұқият болуға шақырады.