Оқиға

Үйіне қайтарып жіберген: Жамбыл облысында 6 жасар қыз көз жұмды

ауруханада 6 жасар бала қаза тапты. Ағайын-туғаны оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр.

Марқұмның жақындары әлеуметтік желілерде оның 29 қыркүйектен бастап ауырғанын айтты. Олар учаскелік дәрігердің көмегіне жүгінген. Бірақ олардың айтуынша, ешқандай көмек көрсетілмей, үйіне қайтарып жіберілген.

"Баланың апасы дәрігерге тізерлеп жалынып, әрең 7 қазанда ғана ауруханаға жатқызды. Бала ауруханаға жатқанмен диагноз қойылмаған, бала ауырғанда тек "Креон" дәрісін бере берген. Бүгін 10 қазанда баладан айырылып қалдық дейді", – деді баланың туыстары.

Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бала ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылған.

"Бала ауруханаға жоспарлы түрде әжесімен бірге жатқызылған. 2025 жылғы 7 қазаннан бастап клиникалық хаттамаға сәйкес тиісті тексерулер мен ем жүргізілді. Баланың жағдайы орташа деңгейде болған. 2025 жылғы 10 қазанда сағат 06:55-те бала кенеттен көз жұмды", – деді басқармада.

Ведомство өкілдері өлімнің себебін анықтау бойынша шаралар жүргізіліп жатқанын қосты.

"Қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Ішкі істер бөліміне хабарлама жолданып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Толық мәліметтер сараптама қорытындысын алған соң беріледі", – деді департаменттің баспасөз қызметі.