Теміртауда қарияны соққыға жыққан балалар екі айға қамауға алынды
Қарағанды облысының Теміртау қаласында қарияны аяусыз соққыға жыққан балалар екі айға қамауға алынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қарағанды облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Теміртау қаласында зейнеткерге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармақшасына (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті ретінде танылған тоғыз адамның барлығы, оның ішінде жеті кәмелетке толмаған бала Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
«Бұлтартпау шарасының ең қатаң түрінің таңдалуына қылмыстың ауырлығы негіз болды. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік он төрт жастан бастап туындайтынын атап өту қажет. Қазіргі уақытта іс бойынша қажет сараптамалар тағайындалды, жан-жақты және объективті тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бұл факті бойынша бөлек тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Теміртауда жасөспірімдер жалғызбасты қартты ұрып-соққанын, кейін жасөспірімдердің әрекеті үшін қала әкімінің орынбасары жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін жазған едік.