Оқиға

Таразда полицейлер жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берушіні ұстады

Таразда полицейлер жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берушіні ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері Тараздағы ұялы байланыс операторының ғимаратына жарылғыш құрылғыны қойып кеткенін хабарлаған күдіктіні ұстады.

Шұғыл түрде Жамбыл облысы полиция департаментінің арнайы саперлері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, жедел-тергеу тобы, сондай-ақ ҰҚКД, ТЖД қызметкерлерімен аталған орталық ғимараты тексеріліп, ешқандай жарылғыш зат анықталмады.

Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл ауданының таулы алқабындағы шаруа қожалығынан 42 жастағы азамат анықталып, ізін суытпай ұсталды. Одан айғақ зат ретінде ұялы телефоны тәркіленіп, қамауға алынды.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.