Талғарда болған қылмыстан кейін полицейлерге қатысты іс қозғалды
Прокуратура Алматы облысында Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Оларға ер адамның өлтірілуі мен кішкентай қыздың ұрлануынан кейін тиісті шара қолданбады деген айып тағылып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, 6 қыркүйекте ҚР ҚК 370-бабы 4-бөлігі («лауазымдық тұлғалардың әрекетсіздігі») бойынша іс тіркелген. Тергеу арнайы прокурорларға жүктеліп, облыс прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.
Ведомство жалған ақпарат таратпауға шақырып, тек ресми дереккөздерге сенуге үндеді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Талғарда күдікті ер адамды атып өлтіріп, оның әпкесінің екі жасар қызын ұрлап кеткен. Кейін полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстаған болатын.