Шерзат Полатты басынан теуіп, жиналмалы бәкі пышақтың сабымен ұрған – прокурор
Бүгін Талдықорған қаласында Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотта прокурор Дана Сәрсенбай актісін оқыды. Сараптамаға сәйкес, Шерзаттың өлімі пышақ жарақатынан болған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Топтық төбелес кезінде оқиға орнында Полаттың әкесі, сол сәтте таксимен жеткен анасы және әжесінің жүргеніне қарамастан, 2024 жылы 4 қазан сағ. 00:42 шамасында Шынасыл Абзал кәмелетке толмаған Полаттың жүрегіне ас үй пышағын сұғып алды. Жүрек тұсына сұғылған пышақ соққысын сезген жеткіншек оқиға орнынан қаша бастады. 45-50 метрден соң талып қалған ол асфальтқа құлап, отырып қалған. Өз кезегінде сотталушы Шынасыл кәмелетке толмаған Полатқа ауыр дене жарақат келтіргенін, соның салдарынан қаза болғанына көзі жеткен. Осыдан кейін де шабуылдаушылар төбелесті тоқтатпайды. Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы асфальт бойында отырған Полатқа барады. Сол сәтте Бишимбиева өзінің баласы Полатқа бірінші болып жетіп, отырған жерінде құшақтап, топ адамдардың әрекеттерінен қорғай бастағанына қарамастан, сотталушы Белғожаев Полатты басынан теуіп, жиналмалы бәкі пышақтың сабымен басынан бірнеше соққы жасаған. Ильясов аңшылық мылтықтың сабымен Полаттың басынан бір мәрте соққы жасаған, алайда аталған соққысы Бишимбиеваның қолына тиген», – деді прокурор.
Сот-медицина сараптамасының қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне келтірген зақым мен сол жақ кеуде қуысына еніп, шаншылып-кесілген жарақаты нәтижесінде дамыған ауыр қан жоғалтудан болды.
Оның өлімі 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30-да Талғар аудандық орталық ауруханасында стационарда расталған.