Ерболат пен Эльмира Жанабыловаларға қатысты сот қорытындысы өзгеріссіз қалдырылды
Астана қалалық соты 2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы бойынша заңсыз лотерея өткізді деп айыпталған ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат пен Эльмира Жанабылованың адвокатының апелляциялық шағымын қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Блогерлер аталған сот қаулысымен келіспей, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы өтініш білдіріп, шағым берген.
Коллегия апелляциялық шағымдарды зерделей келе, бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті. Атап айтқанда, сыйлықтардың құнын және алынған кірісті ескере отырып, барлық мән-жайларды анықтау мақсатында көрсетілген әрекеттерге сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының құқықтық баға беруі қажет деп тапты.
Апелляциялық шағымның уәждеріне тиісті баға берілді.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа соттың қаулысын өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды, - делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, 15 қыркүйекте Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында заңсыз лотерея өткізген блогерлер Ерболат пен Эльмира Жанабыловтарға қатысты ӘҚБтК 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша іс қаралды.
Блогердің адвокаты істі тоқтатып, комитет жасаған хаттаманы дәлел ретінде мойындамауды сұрады.
Дегенмен Астана ауданаралық әкімшілік соты ерлі-зайыптыларға қатысты әкімшілік істі тоқтатып, қылмыстық құқық бұзу фактілері бар деген айып тақты. Іс Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаментіне жолданды.