Оқиға

Елордада құтқарушылар суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды

Елордада ТЖМ әскери қызметшілері қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ТЖМ мәліметінше, Есіл өзенінде тыйым салынған орында шомылып жүрген азамат суға батып кете жаздаған. Рейдтік тексеріс барысында Мартбек Мамраев атындағы 52859 әскери бөлімінің сержанты Владислав Ярилин мен кіші сержант Қасымхан Қошқар ер адамды байқап, дереу көмекке ұмтылған.

«Әскери қызметшілердің жедел әрекетінің арқасында 1992 жылы туған ер адам судан шығарылып, жағаға жеткізілді. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ», - деп жазылған хабарламада.

ТЖМ тарапы азаматтарға тыйым салынған орындарда шомылу өмірге қауіпті екенін ескертіп, өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болуды қаперге салады.