Оқиға

Шымкентте жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан топқа қатысты іс сотқа жолданды

Шымкентте жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеумен айналысты деген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды, деп хабарлады Elordainfo.kz Шымкент қалалық прокуратурасына сілтеме жасап.

Құзырлы органның мәліметінше, қала прокуратурасының үйлестіруімен Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескен.

«2023-2024 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның №2 мамандандырылған ХҚКО басшылығы мен қызметкерлері теориялық және практикалық емтихандарсыз жүргізуші куәліктерін рәсімдеуге жағдай жасаған.

Мұндай «қызметтің» құны 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен.

Нәтижесінде кемінде 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Қылмыстық топтың табысы 150 миллион теңгеден асқан», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында күдіктілердің 200 миллион теңгеден астам мүлкіне тыйым салынған.

Іс бойынша 15 тұлға айыпталушы деп танылған. Тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.