Шымкентте кәмелетке толмаған екі қыз жыныстық зорлықтың құрбаны болған
Шымкентте өзге қалалардан келген кәмелетке толмаған қыздар жыныстық құлдықтың құрбанына айналды. Бостандыққа шыққан соң олар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл – жекелеген оқиға емес. Соңғы бес жылда аталмыш орталық адам саудасының құрбаны болған 15 адамға көмек көрсеткен. 21 ғасырда құлдықтың әлі жойылмағаны – үлкен сұрақ. Шымкентте кәмелетке толмаған екі қыз жыныстық құлдықтан босатылды. Оларды жұмыс және баспана уәдесімен алдап, кейін мәжбүрлі түрде пайдаланып келген. Азат етілген соң қыздар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жіберіліп, мамандар тарапынан қажетті қолдау көрсетілді.
«Алдымен олар Жастарды бейімдеу орталығына жеткізілді. Тергеу барысында олардың жыныстық қанауға ұшырағаны анықталды. Осыдан кейін ата-аналарының келісімімен біздің орталыққа ауыстырылды. Мұнда оларға кешенді көмек көрсетілді: медициналық тексеру, психологиялық қолдау және заңгерлік кеңес берілді. Екі қыз да 2009 және 2010 жылдары дүниеге келген. Оларды “Б.” есімді азамат алдап, баспана берем деп қылмыстық іске тартқан. Өкінішке қарай, мұндай жағдайда кәмелетке толмағандар жиі осал болып келеді. Бастапқыда олар не болып жатқанын толық түсінбеген», – дейді Шымкенттегі №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ғалия Муталиева.
Орталықтың мәліметінше, адам саудасының құрбандары көбінесе сенімсіздік, әлеуметтік қиындықтар мен ақпараттың жетіспеушілігінен қауіпке тап болады. Әсіресе, жақсы өмір іздеп, жұмыс іздеп жүрген жасөспірімдер мен жас әйелдер осал топқа жатады. Соңғы бес жылда орталықта 15 адам оңалтудан өткен. Олардың арасында Қазақстан азаматтарымен қатар, көрші елдердің тұрғындары да бар.
«Жәбірленушілер арасында шетел азаматтары да, өз отандастарымыз да кездеседі. Атап айтқанда, соңғы бес жылда тіркелген 15 жағдайдың үшеуі – шетелдіктерге қатысты.
Көпшіліктің ойынша, құлдыққа тек білімі жоқ немесе жұмыссыз адамдар түседі деп есептеледі. Бірақ шын мәнінде бұл – қате пікір. Жәбірленушілердің арасында білімді, сауатты азаматтар да бар.
Басты себеп – жақсы өмірге деген ұмтылыс. Адамдар уәделерге сеніп, шетелде жұмыс істеймін, жақсы табыс табамын, баспаналы боламын деп үміттенеді. Бірақ нәтижесінде қанаудың құрбанына айналады. Бұл аңғалдық емес, жаһандық мәселе. Мұндай жағдайдан ешкім толықтай сақтандырылмаған», – дейді Ғалия Муталиева.
Шымкентте адам саудасымен күрес – қазіргі заманның ең ауыр қылмыстарының бірі ретінде кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Мамандандырылған орталықтар жәбірленушілерге жан-жақты қолдау көрсетеді: уақытша баспанамен қамтамасыз етеді, медициналық, психологиялық және заңдық көмек ұсынады, сондай-ақ әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдеседі.
Мамандар тұрғындарға сақ болуға, күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеуге және барлық ақпаратты тексеріп отыруға кеңес береді. Бұл әсіресе жастар мен жақсы өмір іздеп, басқа қалаға немесе шетелге көшуді жоспарлағандар үшін өте маңызды.