«Шерзаттың өлімін мойныма ала салайын дедім»: басты айыпталушы сотта жауап беріп жатыр
Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сотта айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алынып жатыр. Ол өз сөзінде, тағылып отырған айыпты толық мойындамайтынын айтты.
«Жартылай мойындаймын. 2024 жылы қазан айының 3-і күні үйде болатынмын. Кешкі сағат 19.00 шамасында досым Ильясқа қоңырау шалдым. Сөйлесу барысында олар Равиль екеуі Талғар қаласында орнаалсқан «Эйфория» кафесінде отырғандарын айтты. Сосын мен 15-20 минутта сол жерге жаяу бардым. Үшеуміз отырдық, кейін Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова келді. Одан кейін Азамат Тоқтаубаев пен Шыңғыс Белқожаев келді. Думан Ысқақ пен Нұрбол Тоқтаубаев келді. Сосын Нұрболдың ұялы телефонына Дархан деген жігіт хабарласты. Ол дос баласын біреу ұрып кеткенін айтты. Біз мән бермей, би алаңына кетіп қалдық. Қайтып келсек, ол кетіп қалыпты. Сосын түнгі 00:00-де кафе әкімшілігі жабыламыз деп ескертті. Сол кезде Азамат пен Шыңғыс жоқ екенін байқадым. Сосын Азамат маған хабарласып, «Абзал, ағам Нұрбол мен оның досын Менделеев көшесінде бір балалар ұрып кетіпті. Барып алып кетейікші» деді. Біз ол уақытта өзіміз онсыз да шығып бара жатқанбыз»,- деді Абзал Шынасыл.
Қорғаушы жауап парағындағы «пышақты Шерзатқа мен салып алдым» деген сөзін нақтылап сұрады.
«Сіз жартылай мойындаймын дедіңіз. Басында Шерзат туралы ештене айтпағансыз. Сосын 16-шы томнан бастап сіздің жауабыңызда «Пышақты Шерзатқа мен салып алдым» деген сөзіңіз бар. Соған не айтасыз?»,- деді қорғаушы.
Абзал Шынасыл өзге айыпталушылармен сөйлесіп, өзара келіскендерін айтты.
«Мойныма алған себебім, біз Талғар қаласындағы полиция басқармасында болған кезде тергеушілер «Бұны бір адам істеді, бір адам мойнына алмаса, барлығына қиын болады, топпен кетесіндер» деп айтты. Сосын бізді Қонаев қаласына алып кететін болды. Жолда Равиль Сахиев, Шыңғыс Белқожаев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде Равиль «мынаны бір адам істеді, бір адам мойындасын, мойындамасақ барлығымызға қиын болады» деді. Сосын менде пышақ болғаннан кейін өзімді қылмыс жасап жасырғандай болмайын деп іштей ойландым. «Алсам, мен мойныма ала салайын дедім». Қонаевқа келдік. Сол кезде бәріміздің басымыз қосылып қалды. Нұрбол маған «Абзал сенде пышақ болды ғой» деді. Мен көп ойланбай «Мен Шерзатты мойныма алам» дедім. Бірақ Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болды. Сөйтіп келістік»,- деді айыпталушы.
Ол оқиға болған «Қамажай» дүкеніне қалай барғанын айтты.
«Содан барлығы көліктерге отырып кетті. Мен көлікке сыймай, сол жерде қалып қойдым. Сосын қайтып кафе ішіне кірдім, онда танысымды кездестіріп, оған Менделеев көшесі жаққа апарып тастауды өтіндім. Ол келісті. Көшеге жетіп қалған кезде Дана Жақсыгелді маған хабарлама жіберді. «Абзал, мына жақта төбелес басталып кетті, қайдасың?» деп жазды. Мен бара жатқанымды айттым. Сосын нақты сол дүкенді таба алмай келе жаттық. Бірақ бір топ адамның шулап, төбелесіп жатқанын естіп, көліктен түсіп қалдым»,- деді айыпталушы.