Оқиға

Шерзат Полаттың нақты қандай жарақаттан қайтыс болғаны белгілі болды

Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында сот-медициналық сараптамасының қорытындысы зерттеліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сотқа Алматы қаласы бойынша сот сараптама медицинасының Талғар бөлімшесінің сот сараптамашысы Мұхит Көшеров шақырылды. 

Мемлекетттік айыптаушылар Шерзат Полаттың  мәйітінен анықталған жарақаттар туралы айтып беруін сұрады. 

«Мен зерттеу жүргізген кезде сол жақ кеуде қуысына еніп, шаншыла кесілген жарақат анықталды. Аталған жарақат  қолтық асты сызығы мен артқы қолтық асты сызығы арасында орналасқан. Ол 5 және 6 қабырға арасында. Плевроқуысына кірген сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін жарақаттаған. Сыртқы жараның көлемі – 2 см. Жара каналының бағыты арттан алға қарай, сол жақтан оңға қарай және біршама жоғарыдан төменге қарай. Жара каналының тереңдігі – 12 см»,- деді сараптамашысы.

Сараптамашы өзге де жарақаттарды көрсетті. 

«Оң көзінің астында қанталау болды. Сол жерде сызаттар бар. Одан кейін оң қолының саусақтарында қанталау болды. Сол қолы саусақтарында да сызат  бар. Оң жақ иығының төменгі 3/1 бөлігінде 2 қанталау болды. Оң жақ аяғының жіліншігінің 3/1 бөлігінде сызат бар. Желкесінің шүйде бөлігінде 6,3 сантиметр қанталау бар. Басқа жарақат болған жоқ»,- деді ол. 

Мемлекеттік айыптаушы осы жарақаттардың қайсысы жәбірленуші Шерзат Полаттың өліміне алып келгенін сұрады. 

«Қайтыс болуына сол жақ кеуде қуысына кірген, шаншыла кесілген жарақат себеп болды. Сонымен қатар сол жақ өкпесінің жарақаты, плевроқуысында 1500 мл қан жиналған. Өзге қолындағы және аяғындағы сызат пен қанталау өлім себебіне тікелей қатысы жоқ. Себебі олар сыртқы жарақат»,- деп түсіндірді сараптамашы.

«Егер Шерзат Полатқа пышақ жарақаты келтірілмегенде, басқа жарақаттардан қайтыс болуы мүмкін бе еді? Мұндай пышақ  жарақатын алған соң адам қанша уақыт өз бетімен қозғалып, айғайлап, дауыс шығара алады?»- деді прокурор.

Сараптамашы мұндай пышақ жарақатын алған адам қысқа уақыт арасында ғана белсенді болатынын айтты. 

«Егер пышақ жарақаты болмайтын болса, мәйіттегі басқа жарақаттар өлім себебіне алып келмейді. Әдетте мұндай жарақат алған кезде қысқа уақыт аралығында белсенді әрекеттер жасай алады. Ол 1 минут уақыт, көп қан жоғалтқанға дейін»,- деді ол.

Сонымен қатар прокурор Шерзат Полатты алған жарақаттары салдарынан аман алып болуға мүмкін болатынын сұрады. 

«Көбіне мұндай жарақат өлім себебіне алып келеді. Егер дер уақытында медициналық көмек көрсетіп, ота жасап, қан тоқтатып және оның орнына қан құйғанда тірі қалуы мүмкін еді»,- деді сараптамашы.