Шерзат Полаттың ісі: судья желі қолданушыларына ескерту жасады
Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот отырысының басында судья Ержан Жанұзақов бүгінде әлеуметтік желіде сот отырысына қатысты жеке пікірлер жазылып, баға беріліп жатқанын айтты.
«Құрметті сот отырысына қатысушылар, әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Конституцисының 75-бабының 1 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін және ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын естеріңізге саламыз», - деді Ержан Жанұзақов.
Осылайша судья желі қолданушыларын мұндай әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
«Сот шешімді объективті, даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайды. Бұл кей жағдайларда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Осыған байланысты блогерлер мен басқа да желі қолданушыларына арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Сот объективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік береді», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінде сот сотталушылардан жауап алуды жалғастырып жатыр.