Оқиға

Шерзат Полаттың ісі: Сотталушы оқиға орнында болған екі қыз туралы айтты

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында бірінші болып дүкенге сыра алу үшін кірген Дархан Әскентай жауап беріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушыдан оқиға орнында болған, куәгер деп танылған екі қыздың іс-әрекетін сұрады. 

«Оқиға орнына басқа топтағы балалармен бірге екі қыз келді деп айттыңыз. Сол екі қыздың іс-әрекетін  айтып беріңізші. Жалпы төбелес басталған кезде қайда болды? Төбелес аяқталған кезде қайда болды? Осы топтағы адамдар жерде жатқан екі жәбірленушіні соғып жатқан кезде ол екі қыздың іс-әрекеті қандай болды?», - деді Дана Сәрсенбай.

Дархан Әскентай екі қызды тек кететін кезде ғана көргенін айтты.

«Бағана айттым, адамдар дүкенге  кіріп-шығып жүрді. Мен олар дүкенге келген шығар деп ойладым. Қыздарды кететін кезде қара машинаның (Mercedes-Benz) артынан байқадым», - деді ол. 

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы куә Санат Әбдіқадырдың іс-әрекеті туралы сұрады. 

«Ол кезде мен алыстау тұрдым. Олар өздері әңгімелесіп тұрды. Магазинге кірді, сосын шықты. Бәрінің көңілкүйі жақсы болды. Сосын балалар келді. Әңгімелесіп тұрды. Мен ол кезде бетімді сүртіп тұрдым, сондықтан әркімнің іс-әрекетін байқаған жоқпын», - деді Дархан Әскентай.