Шерзат ісі: куәгер Эльмира Нұрбекова алғашқы жауабынан бас тартты
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті ашық сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова тергеудегі алғашқы жауабын құптамады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемлекеттік айыптаушы 2024 жылдың 5 қазанындағы хаттаманы оқи отырып, куәгерге сауал қойды.
«Хаттамада «Бала жерде жатқан болатын. Үсті қан-қан болды. Содан бала ішімен жатқан кезде Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатты» деп нақты жауап бергенсіз тергеу кезінде. Осы жауабыңызды қолдайсыз ба?» - деп сұрақ қойды прокурор.
Алайда бүгінгі отырыста куәгер бұл сөзінен бас тартып, айыпталушының қолында пышақ болған-болмағанын көрмегенін, есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді.
«Біз 2 күн аудандық ішкі істер бөлімінде болдық. Ас-су ішпедік. Әр кабинетке алып кетіп, тергеді. Не айтқанымыз есімізде жоқ. Бастысы, үйге жеткім келді», - деп жауап берді куәгер Э.Нұрбекова.
Куәгер судьяның сұрауымен сот залында Абзал Шынасылдың Шерзатты қалай ұрып-соққанын көрсетіп берді.