Оқиға

«Ешқандай да бандит емеспін»: айыпталушы өзін «хуторский» деп таныстырмағанын айтты

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев жауап беріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қорғау тарапы Нұрбол Тоқтаубаевтан оқиға болған түн туралы айтып беруді сұрады. Ол «Қамажай» дүкеніне досы Дархан Әскентайдың шақыртуымен келгенін айтты.

«Мен өзімді «Хуторский» деп таныстырған жоқпын және «денсаулығын қойып тастайды» деген әңгіме айтқан жоқпын. Мен бұрын-соңды мұндай төбелеске қатыспағанмын, сотталмағанмын. Мәселені ушықтырмай, тыныш қана шешкім келді»,- деді Н.Тоқтаубаев.

Айыпталушы жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты аяқпен тепкенін мойындады. 

«Өз кезегінде Нұрқанат біреулерге хабарласып, шақырып жатты. Қаржаубай «сені өлтіремін» деп пышақпен оқталып жатты. Мен абдырап қалдым. Сонымен 6-7 үлкен жігіттер келіп тұрды. Менің туған бауырымда телефон болмаған соң, Шыңғысқа хабарласып, өзімнің інімді (Азамат Тоқтаубаев) шақырдым. Сосын балалар келді, төбелес басталып кетті. Мен дүкен ішінде тұрдым. Нұрғанат бізге мылтық атты. Біріншісін аспанға, екіншісін біздің аяқ жағымызға қарай атты. Өзім аяғыммен бір-екі рет Нұрқанатты тепкеніміді растаймын. Ондай төбелес ашу ниетіміз болған жоқ»,- деді ол. 

Ол Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың оқиға күні екі түрлі пышақ ұстағанын айтты. 

«Қаржаубай бірінші рет пышақты дүкен ішінде ұстады.Сосын далаға алып шықты. Ол пышақ экспертизада тіркелмеген. Екінші рет алып шыққан пышағы туралы ол өзі де айтты, ас үй пышағы болды. Ал бірінші алып шыққан пышақ ол мүлдем басқа болды»,- деді ол.

Сонымен қатар айыпталушы жауап беру барысында полиция мен жедел-жәрдем шақырғысы келгені туралы айтты. 

«Менің 102 мен 103 шақыратын ниетім болған. Бірақ Қаржаубайдың өтініші бойынша шақырған жоқпын. Ол «шақырмай қойыңдар, балама іс қозғалады» деп айтты. Мен бандит емеспін»,- деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында судья желі қолданушыларына ескерту жасады.

Ал айыпталушы Дархан Әскентай басқа айыпталушыларды танымайтынын айтты.

Сонымен қатар сот отырысында 4 қазан күні түсірілген «Қамажай» дүкені ішіндегі бейнежазба көрсетілді. Прокурор куәгер екі қыз туралы жаңа дерек келтірді.