Үш бала мерт болды: Абай облысында жүргізуші бір топ баланы қағып кетті
19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы Бестерек ауылында жүргізуші жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған бір топ баланы қағып кеткен. Бұл туралы Абай облысы Үржар аудандық полиция бөлімі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Полиция мәліметінше, Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, «Toyota» маркалы автокөлікті басқарған 55 жастағы жүргізуші басқару тізгінін игере алмай, үй қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балалар тобына соқтығыс жасаған. Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапты, біреуі медициналық мекемеге барар жолда көз жұмды. Тағы үш кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді»,- делінген хабарламада.
Бүгінде жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
«Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде есірткі мен ішімдік қолданбағанын көрсетті. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары атқарылып жатыр»,- деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданына жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің әскери-көліктік авиациясына тиесілі С-295 ұшағы дәрігерлермен барды.