Оқиға

Семейде құлаққаппен телефонға қарап келе жатқан жігітті пойыз қағып кетті

Семейде 23 жастағы жігітті пойыз қағып кетті. Өкінішке қарай дәрігерлер оның оң аяғын кесіп тастауға мәжбүр болды, деп хабарлады Elordainfo.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап. 

Жас жігіттің қабырғасы сынып, миы шайқалған. Қазір дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ал оқыс оқиға сенбі күні шаһардың қақ ортасында болды. Жүйткіп келе жатқан жолаушылар пойызы жігітті қағып өткен. Сол мезетте аяғы темір доңғалақтың астында қалып қойыпты. Ал өзі ұялы телефонды шұқылап, құлаққап киіп келе жатып, пойыздың дауысын естімеген.

«Ауруханаға түскен кезде бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, шокқа қарсы терапия өткізілді. Ота жасалды. Оң жақ аяғының ортаңғы үштен бір бөлігіне ампутация жасалынды. Сол жақ санының жұмсақ тіндерінің жарасына бірінші хирургиялық өңдеу жасалды», - дейді Семей жедел медициналық ауруханасының бөлім меңгерушісі Дарын Бақтыбаев.