«Сөмкелері өздерімен бірге болды»: прокурор куәгер екі қыз туралы жаңа дерек айтты
Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында былтыр 4 қазан күні түсірілген «Қамажай» дүкені ішіндегі бейнежазба көрсетілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемлекеттік айыптаушы куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдінің дүкенге сағат 00:58-де кіргенін айтты.
«Құрметті сот, осы жерді назарға алуыңызды сұраймыз. Өткен сот отырысында куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелді өзінің сөмкелерін автокөлікке тастап кеткенін айтқан еді. Бірақ бейнежазбада олар дүкенге кірген сәтте сөмкелері өздерімен бірге болды»,- деді мемлекеттік айыптаушы.
Еске сала кетейік, сот куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алғанда не себепті жедел жәрдем немесе полиция шақырмағанын сұрады. Ол кезде куәгер ұялы телефоны сөмкесінде болғанын және сөмкесі көлікте қалғанын айтқан. Ал екінші куә Дана Жақсыкелді сотта телефонының қуаты бітіп қалғанын, бірақ нақты есінде жоқ екенін айтқан еді.