Полицейлер жасөспірімді қорқытқан бопсалаушыларды ұстады
Алматы облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Балқаш ауданы Миялы ауылының 42 жастағы тұрғыны жүгінді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әйелдің айтуынша, 8 ақпанда сағат 15:00 шамасында Қызыл-Қайрат ауылында белгісіз адамдар оның кәмелетке толмаған ұлын күштеп Hyundai Elantra автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Күдіктілер баланы ұрып-соғамыз деп қорқытып, 5 миллион теңге талап еткен.
«Аталған факті бойынша бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушіні интернетте жеке видеосын таратамын деп қорқытып, бопсалағаны анықталды», – деді полицейлер.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді 500 мың теңгенің бір бөлігін алу кезінде қолға түсірді. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.