Полицейлер ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады (ВИДЕО)
Көкшетау қаласының полицейлері бопсалаумен айналысқан топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құқық қорғау органдарына қалада жеке такси жүргізушісі хабарласып, белгісіз адамдардың жүйелі түрде ақша талап етіп, қорқытып жүргенін мәлімдеді.
Жәбірленушінің айтуынша, күдіктілер күш қолдану және зәбір көрсету арқылы бірнеше рет ақша бопсалаған. Қылмыстық жағдай туралы хабарлама келіп түскен бойда жедел іздестіру шаралары қолға алынып, полиция қызметкерлері бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде құқық бұзушылардың әрекеті бейнематериалдар арқылы дәлелденіп, жәбірленушіге ақша берген сәтте олар қылмыс үстінде қолға түсті.
«Күдіктілер – 29 және 24 жастағы үш жергілікті тұрғын болып шықты. Олардың екеуі бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды құқықбұзушылықтарға төзімсіз болуға, сондай-ақ қандай да бір бопсалау әрекеттері туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.