Оқиға

Павлодарлық тұрғыннан аса ірі көлемде мефедрон тәркіленді

Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласында синтетикалық есірткіні сақтады деген күдікпен 21 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Анықталғандай, ол бірқатар көлеңкелі интернет-дүкендердің қоймашысы болған.

Жүргізілген тінту шаралары кезінде күдіктіден 200 грамнан астам мефедрон есірткі заты бар түйіншектер табылып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта жедел уәкілдер ұсталған ер адамның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

«Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түрі таңдалды.