Оқиға

«Пәтер алып береміз»: Астаналықтарды сан соқтырған алаяқтар сотталды

Астанада екі алаяқ азамат бірнеше жыл бойы өзін мемлекеттік бағдарлама өкілі ретінде көрсетіп, адамдарды алдап келген, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олар кеңсе ашып, жұмыс істеп тұрған ЖШС-лардың атын пайдаланып, азаматтарға Астана мен Алматы қалаларынан жеңілдетілген шарттармен пәтер алып береміз, несие рәсімдеп береміз деп уәде берген.

Бұл уәделерін жалған келісімшарттармен «бекітіп», сендірген. Салдарынан 150 адам алданып, 1 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылған.

«Сот кінәлілерді 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар олар 5 жыл бойы материалдық жауапты және басшылық қызметтер атқара алмайды. Келтірілген шығын да олардан өндірілетін болды», - делінген қалалық прокуратура таратқан ақпаратта.

Прокуратура азаматтарға құжаттары жоқ, күмәнді адамдармен мәміле жасамауға кеңес береді.