Оқиға

Қостанай облысында жер үйден өрт шығып, бес бала көз жұмды

Қостанай облысында жер үйден өрт шығып, бес бала көз жұмды. Жан түршіктіретін оқиға Жітіқара қаласында болған, деп хабарлады Elordainfo.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Тілсіз жау тұрғын үйдің төбесін шарпып, шаңырағы опырылып ортасына түскен. Сол сәтте үйде алты бала болған, анасы танысының үйіне кеткен көрінеді. Әкелері түрмеде отырғаны белгілі болды. Құтқарушылар жанып жатқан үйден бес баланың денесін алып шықты. Ең кішкентайы бір жасар болса, ең үлкені сегіз жаста. Ал 13 жастағы үйдің үлкені аман қалды. Қазір қайғыдан қан жұтқан отбасына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Өрт үйдегі қараусыз қалған пештен шыққан деген болжам айтылуда.

«Оқиға орнына жеті минут ішінде құтқарушылар келген кезде үй толығымен өртке оранған. Өрт сөндірушілер өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Жалын сағат 06:08-де сөндірілді. Өкініштісі, үйінділерді тазартқан кезде бес баланың денесі табылды», - деді Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.