Оқиға

Оралда жасөспірім өзен жағасындағы балшыққа батып кете жаздады

Оралда жасөспірім өзен жағасындағы лайға батып қала жаздады. ТЖМ құтқарушылары баланы балшықтан алып шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ТЖМ мәліметінше, Оралдағы бағбаншылық серіктестіктердің бірінің аумағындағы Шаған өзенінің жағасында кәмелетке толмаған бала лайға тізеден батып, өздігінен шыға алмай қалған.

Оқиға куәгері - жақын маңда тұратын әйел дереу құтқару қызметіне қоңырау шалып, жағдай туралы хабарлаған.

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары шұғыл әрекет етіп, баланы сазды лайдан аман-есен шығарып алды.

Құтқарушылардың жеделдігі мен кәсіби іс-әрекетінің арқасында бала аман-есен үйіне оралды. Оған медициналық көмек қажет болмаған.