Оралда әйел адамды айуандықпен өлтірген азамат 12 жылға сотталды
Оралда бастауыш сынып мұғалімін айуандықпен өлтірді деген күдікті, 41 жастағы азаматқа қатысты сот процесі аяқталды. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Elordainfo.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Ол мектепке келіп, Надежда Никитинаның компьютерін жөндеп беріп жүрген. Осылайша оның сеніміне кірген Сәрсенов биыл сәуір айында ұстаздың шақыруымен оның үйіне барады. Бұзылған компьютерін жөндеу кезінде екеуара дау туындап, программист оны буындырып өлтірген. «Дұшпан алыстан келмеген» деген күдікті сейілту үшін – пәтерге ұры түскендей етіп, бағалы заттың бәрін үптеп кетіпті. Ол Никитинаның алтын бұйымдарын, әмиянын, телефонын, банк карталарын алып кеткен. Жалпы материалдық шығын 2 миллионға жуық теңге. Пәтерін тінткенде кезде полицейлер бірнеше қару-жарақ пен көптеген оқ-дәрі тапты. Сондықтан оған адам өлтіру, тонау және заңсыз қару сақтағаны үшін үш бап бойынша айып тағылды. Марқұмның артында қалған қыздары «қылмыскер жеңіл жаза алды» деп санайды.
«ҚР ҚК 58-бабы, үшінші бөлігі негізінде, жазаны ішінара қосу арқылы, аталған қылмыстары үшін Темір Алтынбекұлы Сәрсеновке 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілсін. Ол жазасын қатаң режимдегі қылмыстық түзеу мекемесінде өтесін. Ал қамау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады», - деді судья Асланбек Дүйсенғалиев.