"Оқуға түсіремін": Қала тұрғынын 2,5 млн теңгеге алдаған әйел ұсталды
Семей қаласының тұрғыны полицияға алаяқтыққа қатысты арызданды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ол 2024 жылдың 1 мамырында танысының сеніміне кіріп, ірі көлемдегі ақшасын иемденіп кеткенін хабарлаған. Тергеу барысында күдіктінің 55 жастағы семейлік әйел екені анықталды.
«Ол ер адамның ұлын жоғары оқу орнына түсіруге көмектесемін деген сылтаумен 2,5 миллион теңге алып, ақшаны өз қажетіне жұмсап жіберген. Өз кінәсін мойындағанымен, қолды болған қаржыны қайтаруға мүмкіндігі жоғын алға тартты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп жазылған ақпаратта.
Полиция азаматтарды қырағылық танытуға шақырып, бейтаныс адамдарға негізсіз себептермен ірі көлемде ақша бермеу қажеттігін ескертеді.