Мас күйінде көлік басқарған Астана тұрғыны сотталды
Астана қаласында бұрын 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған тұрғын қайтадан мас күйінде рульге отырып, жол-көлік оқиғасына себеп болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Hyundai Starex автокөлігін басқарған жүргізуші Астана–Қарағанды трассасы мен А-105 көшесінің қиылысында рульге ие бола алмай, Lada Priora көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленушіге 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келген.
Сот үкімі бойынша жүргізуші Қылмыстық кодекстің 346-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Материалдық шығын өндірілген.
Астана қаласы прокуратурасы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, сондай-ақ масаң күйдегі адамның көлік басқаруына жол бергендерге өмір бойына кейбір қызмет түрлерін атқаруға тыйым салынатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын ескертеді.