Оқиға

«Мас күйде болған»: Астанада тұрғын үй кешені ауласында оқ атқан ер адам ұсталды (ВИДЕО)

Kris_p_astana Telegram-арнасында елордадағы «Рио-де-Жанейро» тұрғын үй кешені ауласында белгісіз ер адамның қару қолданғаны туралы бейнежазба тарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осы оқиғаға қатысты Elordainfo.kz редакциясы Астана қалалық Полиция департаментіне сауал жолдады. Полиция мәліметінше, бүгінде аулада оқ атқан 25 жастағы елордалық ұсталды.

«Осы оқиға бойынша 25 жастағы ер адам мас күйде тұрғын үйлердің бірінің ауласында өздігінен қайта зарядталатын газ пистолетінен бірнеше рет оқ атқаны анықталды. Қару тәркіленді. Құқық бұзушы уақытша ұстау орнына қамалды, іс материалдары сотқа қаралуға жіберілді»,- делінген хабарламада.