Оқиға

ҚМА Imrat Group қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты

Алаяқтар Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде жасырынып, азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейінгі «жоғары табысты» уәде еткен, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚМА-ға сілтеме жасап. 

Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 000 АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған.

Алайда шын мәнінде, салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған –  төлемдер жаңадан тартылған қаражат есебінен жүргізілген.

Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет түрінде көрсету үшін белсенді жарнама жүргізіп, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ, Telegram-арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын бейнематериалдар жариялап отырған.

Заңсыз қызмет дер кезінде тоқтатылғанының арқасында пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының жолын кесу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

2025 жылдың басынан бері:
-31 қаржы пирамидасына қатысты 90 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды;
-7 млрд теңге көлемінде залал өтелді;
-жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 14 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды;
-Instagram мен Telegram платформаларында 535 мыңға жуық қатысушысы бар 100-ден астам заңсыз чаттар жабылды.

ҚМА сайтында қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған.

Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін Baiqa, piramida! Telegram-боты іске қосулы. 

ҚМА Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұрайды. Сондай-ақ азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырады.