Оқиға

Ұлытауда Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы сотталды

Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы сотталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қоғамдағы заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.

Жезқазған қалалық соты Облыстың Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Омар Ә., оның қарамағындағылар – тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Сарбаеваға, «Облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК басшысы Г. Жолашароваға және «Тілдерді дамыту ресурстық орталығы» КММ басшысы Ж. Оспановаға, сондай-ақ жеке компанияның өкілі О. Талғатқа қатысты үкім шығарды.

«Олар Жезқазған қаласында 3,9 млн теңге сомасына мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде қосымша келісім жасасу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды», - деп жазылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Сот үкімімен Омар 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылса, оның қатысушыларына 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.