Оқиға

"Құлпынай квик": Мектептерде құрамында есірткі бар кәмпиттер таратылып жатыр ма

Әлеуметтік желіде оқушылар арасында есірткі қосылған құлпынай кәмпиттері таралып жатқаны қызу талқыланып жатыр. Ішкі істер министрлігі аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

WhatsApp чаттарындағы ақпаратқа сәйкес, мектептерде балаларға «құлпынай квик» кәмпиттері және құрамында есірткі – кристалды метамфетамин бар басқа да заттар ұсынылып жатқан көрінеді. Бұл есірткі шоколад, жержаңғақ майы, газдалған сусын, шие, жүзім және апельсин дәмінде де болуы мүмкін екені жазылған.

«Қоғамда дүрбелең немесе басқа да жағымсыз салдарды тудыруы мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын есте ұстау қажет. Хабарламаларды таратпастан бұрын барлығын мұқият тексеріп алған жөн. Сонымен қатар біз ата-аналарға балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын еске саламыз», - деп жазылған министрлік хабарламасында.