Әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соғу фактісі анықталды
Павлодар облысында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асыру жалғасып жатыр. Жоба аясында қадағалау органы зорлық-зомбылық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің қаупі бар «тәуекел аймағындағы» балаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-нің бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиеші тарапынан кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудың бірнеше фактілері анықталды.
Бұл - денсаулық жағдайы бойынша дәрменсіз және психоневрологиялық патологиясы бар үнемі күтімді қажет ететін балалар.
«Кәмелетке толмағандарды қинау белгілері бойынша орталықтың қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, ол полиция департаментіне тапсырылды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Тексерулер жалғасуда», - делінген хабарламада.