Елімізде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіретін «Дайвинчик танысу» Telegram-арнасы бұғатталады
Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекет жасау фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмаған қыз баланың 2025 жылы сәуірде танысу сайтына тіркеліп, бір азаматпен танысып, кейіннен ол қыз балаға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны анықталды.
Сонымен қатар аудан прокуратурасы жас шектемейтін және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін «Дайвинчик танысу» Telegram-арнасын анықтады.
Прокуратура аталған ресурстың жұмыс істеуін заңсыз деп тану және оның Қазақстан Республикасының аумағында қызметіне тыйым салу туралы сотқа талап-арыз енгізді.
Алматы қаласының прокуратурасы ата-аналарды балалардың интернет-белсенділігіне қырағылық танытуға, оларға онлайн қарым-қатынастың қауіптілік ықтималын түсіндіруге және күдікті фактілер анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.