Оқиға

Алматыда құжаттарды қолдан жасау арқылы автокөліктерді тіркеген топ ұсталды

Алматы қаласында көлік құралдарын тіркеуге қоюдың қылмыстық циклі анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Polisia.kz жазуынша, топ көлік құралының бірегей кодын өзгерту және құжаттарды қолдан жасау арқылы автокөліктерді тіркеумен айналысқан. Нәтижесінде VIN-кодтарды өзгертумен айналысқан жерасты цехының жұмысы әшкереленді. Тіркеуге заңсыз қойылған 150-ден астам автокөлік анықталды.

«Қылмыстық іс-әрекетке арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің және делдалдардың қатысы анықталды. Бір дропперге 50 автокөлікке дейін тіркелген. 17 күдікті ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. АЕҚ қауіпсіздік қызметімен бірлесіп тексеру жалғасуда», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.

Мемлекетке заңсыз әрекеттерден келтірілген залал шамамен 320 млн теңгеден асты.

Бүгінде алаяқтық, мәліметтер базасындағы ақпаратты заңсыз өзгерту мен көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірлерін қолдан жасау фактілері бойынша 17 қылмыстық іс тергеліп жатыр.