Оқиға

ІІМ: Жеті айда 20 мың есірткі сайты бұғатталды

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Биыл жеті айда есірткіге қатысты 4 655 құқықбұзушылық анықталды, олардың 2 100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Есірткі жасырушылардан бастап есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар ашылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде үш трансұлттық қылмыстық топ жойылды. 12 басшы мен 48 белсенді қатысушы ұсталды», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

Халықаралық серіктестік аясында Ресей Федерациясымен бірлесіп, өткен жылдан бері іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Ол ел аумағында синтетикалық есірткі өндіру бойынша бірнеше есірткі зертханасының жұмысын ұйымдастырған.

«Осы жылы 11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеді. Сонымен бірге синтетикалық есірткінің тәркіленген көлемі үш есеге артып, бір тоннадан асты. Есірткі өсірудің 322 фактісі және 76 контрабанда дерегі анықталды.

Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында жастар арасында танымал есірткі сайттарының бұғатталуы үш есеге артты. Олардың саны 20 мың. Шоттарында 2,5 миллиард теңге жинақталған күдікті операциялармен байланысты 38 мың банк картасы бұғатталды.

102 есірткі зертханасы жойылды: олардың 11-і синтетика өндіру бойынша, 91-і фитозертхана. Есірткі бизнесіне 110 млн АҚШ доллары көлемінде шығын келтірілді. Аталған бағытта жұмыс жалғасуда», - деді Данияр Мейірхан.