Оқиға

Happy Life KZ қаржы пирамидасын құрған күдіктіге қатысты тергеу басталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана бойынша департаменті Happy Life KZ қаржылық пирамидасының әрекетін тоқтатты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Күдікті 2016 жылдан 2024 жылға дейін «биологиялық белсенді қоспаларды сатамын» деген желеумен салымшыларды тартып, оларға әр жаңа қатысушы үшін 10 пайыздан 300 пайызға дейін табыс уәде еткені анықталды.

Салым сомасы маркетингтік стратегияға байланысты 7 500-ден 2 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған.

Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асқан. Күдікті қаржылық пирамидаға 35 адамды тартқан.

«Зардап шеккендердің бәрі – жеңіл табыс туралы құрғақ уәдеге сеніп қалған зейнеткерлер. Олар өз жинақтарының басқа салымшылар арасында ақша бөлу схемасының бір бөлігіне айналатынын сезбеген. Қаржылық тергеу жүргізу барысында күдікті заңсыз жолмен алынған қаражатқа элиталық тұрғын үй кешенінен 36 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғаны анықталды», - делінген хабарламада.

Соттың санкциясымен аталған пәтерге тыйым салынды.

Сот күдіктіге «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы бойынша, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.