Оқиға

Халық жәрмеңкедегі жеміс-жидекке неге таласты?

Тәжікстанның мәдени күндері аясында Астанада өткен жәрмеңке-көрмедегі тұрғындардың бей-берекет әрекеті қоғамда үлкен резонанс туғызды. Тау-тау болып үйілген қауын-қарбыз, жерге кілемдей жайылған жеміс-жидекті көрген халық  барлық ұятты жинап қойып бас салғаны жария болды.  Бұған себеп болған не нәрсе? Экономикалық фактор ма, рухани фактор ма? Әлде, біздің халықтың мәдениеті соншалықты төмен бе? Elorda.info  тілшісі сарапшылардың бұл тұрғыдағы пікірін сұрап білді.  

Біз пікірін сұраған әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова жәрмеңкедегі ашкөздіктің басты себебін тобырлық сана ұғымымен байланыстырды. 

Ал медиа-тренер Салтанат Әскербекқызы мұндай жайттың елімізде бірінші рет болып отырмағанын, жалпы Қазақстан емес, посткеңестік мемлекеттерде де жиі қайталанғанын айтты. Сондықтан ол тегін тарату деген нәрсеге қарсы. Өйткені  жайдан-жай алу деген нәрсе көпшіліктің бойында масылдық ой-сананы қалыптастырады. Бірақ спикер бұған қатысты бір ғана  Қазақстанды қаралауға қарсы. 

Белгілі сарапшы-журналист Дәнеш Асқарбекұлы, керісінше,  бұл жағдайға,  халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы  әсер етті деген пікірде. 

Этнология магистрі Тұрар Шәкен жәрмеңкедегі жанжалды басқа қырынан түсіндіріп берді. Оның айтуынша, халықтың тегін ас-суға таласуының түбі нәубет жылдардың зардабында жатыр. Тектану ғылым бойынша ата-бабасы ашаршылық зардабын көрген ұлт бірнеше ұрпақ ауыспай, бұл ашкөздіктен арыла алмайды. 

Оның айтуынша, орын алып жатқан оқиғаларды,  заңмен, тыйыммен, қорқытып түзете алмаймыз. «Ол үшін халықтың рухани мәдениетін көтеруіміз керек. Қазіргі қоғам -рухани аш қоғам. Әйтпесе, ешкім аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ» дейді ол. 

Жеміс-жидек жәрмеңкесінде болған оқиғаға қатысты сарапшыларымыздың пікірі сан түрлі болғанымен, олардың ойлары бір мәселеге қатысты ортақ арнаға тоғысты. Ол жәрмеңкедегі халықтың бей-берекет әрекеті, ең алдымен, рухани мәдениеттің төмендігінен орын алды деген пікірге саяды.   

-->

Біз пікірін сұраған әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова жәрмеңкедегі ашкөздіктің басты себебін тобырлық сана ұғымымен байланыстырды. 

Адам қандайда бір әрекетті қасындағы басқалар жасап жатса, оп-оңай сол көпке ілесіп кетуі ықтимал. Бұл жерде ол жауапершілік өзіне емес, өзгеге жүктеледі деген сенімде болады. Сөйтіп, олар бір-бірімен бейсаналы түрде бірігіп, басқарылмайтын тобырлық сана жүзеге асады. Меніңше, болған оқиғаға  ең бірінші осы фактор әсер етті деп ойлаймын. Екіншіден, неге бұл жағдай Америкада, Англияда болмайды? Бұл жерде бір жағынан  халықтың білімі мен мәдениет деңгейі де белгілі бір дәрежеде рөл ойнайды деп ойлаймын, - дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова. 

Ал медиа-тренер Салтанат Әскербекқызы мұндай жайттың елімізде бірінші рет болып отырмағанын, жалпы Қазақстан емес, посткеңестік мемлекеттерде де жиі қайталанғанын айтты. Сондықтан ол тегін тарату деген нәрсеге қарсы. Өйткені  жайдан-жай алу деген нәрсе көпшіліктің бойында масылдық ой-сананы қалыптастырады. Бірақ спикер бұған қатысты бір ғана  Қазақстанды қаралауға қарсы. 

Ресейдің саясат және мемлекет қайраткері, экономикалық ғылымдардың кандидаты Ирина Хакамада ресейліктердің де тегін нәрсе алуға құмарлығын айтқан. Өкінішке орай, бұл посткеңестік дәуірде өмір сүрген барлық ұлттарға тән деп ойлаймын. Әлемде сауаты мен мәдениеті, моральдік деңгейі төмен орталарда осындай жағдай болады. Бірақ мен тек қана Қазақстанға топырақ шашуға қарсымын. Әлеуметтік желілерде оқыдым: «Қазақстан олай, Қазақстан бұлай» деп жатыр. Тіпті, тойдағы сарқытқа теңепті. Бірнеше жыл бұрын өзім де садақадағы дастарханды сыпырып кеткен адамдардарды көріп, жағамды ұстағанмын. Біреулер «құдайы тамақ қой, ала берсін» дейді. Иә, мәселе онда емес, ата-әжелеріміз де садақаға барған, бірақ олар әрі кетсе жеті нан, 2-3 түйір кәмпит әкелетін. Бұл - адамның ашкөздігі. Әлеуметтік желіде бір адам жақсы пікір жазыпты. Ол жәрмеңкедегі жеміс-жидекке таласқан халықтың киім киісіне қарасаң, аш адамға, мұқтаж адамға ұқсамайтынын айтады. Ол да рас. Мен де ол адамдардың сатып алуға мүмкіндігі жоқ дегенге сенбеймін.  Өйткені тағы бір ақпарат бар. Жәрмеңкедегі адамдар тауарлардың сатушысын сұрап, бағасын білгісі келген. Ал ол жерде сатуға емес, тек көрме үшін қойылғанын түсіндіру керек еді. Демек бұл жерде мәселе ұйымдастырушыға да байланысты болып тұр. Өйткені дәл осындай жәрмеңке басқа оңтүстік өңірде де болған, бірақ онда нені сатып алуға болатынын, нені ұстауға болмайтынын түсіндіріп айтқан соң, халық жөнімен сауда-саттық жасаған. Астанадағы жәрмеңкедегі көрініс мен үшін түсініксіз болды. Ана жердегі жеміс-жидектер қараусыз жатқан нәрсе сияқты көрінді. Демек, таяқтың екі ұшы бар: бірі ұйымдастырушыларға қатысты болса, бірі халыққа байланысты. Бұның екеуін де сынау керек. Біз сынау арқылы қоғамда жақсы мен жаманды ажыратамыз. Мұны «Пәленбай жыл мемлекетті тонады», «Қазір халықтың жалақысы төмен» деген сияқты басқа тақырыптарға бұрмалап алып кетудің де қажеті жоқ.  Адам қанша аш болса да адамдық қасиетінен ажырамауы керек. Ал Қазақстанда ешкім аш емес деп ойлаймын, - дейді әлеуметтанушы Салтанат Әскербекқызы. 

Белгілі сарапшы-журналист Дәнеш Асқарбекұлы, керісінше,  бұл жағдайға,  халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы  әсер етті деген пікірде. 

Бұл, екі бірдей мәселені анық аңғартады. Бірінші кезекте, елдегі әлеуметтік ахуалдың көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Яғни, бізде халықтың басым бөлігінің жағдайы өте төмен. Екіншіден, бізде орта таптың сол күйі қалыптаспауы. Бізде ел екіге бөлінген. Кедейшілік деңгейінде өмір сүретін халық және өте бай тұратын адамдар. Міне, осы екі арадағы алшақтық үлкен проблемаларға әкеледі. Өйткені өте кедей адамдар өте бай адамдардың қандай жағдайда тұрып жатқанын көріп отыр. Соның салдарынан «Біз неге осылай өмір сүрмейміз?» деген халықта ашу-ыза пайда болады. Осы жерде екінші себеп шығады. Яғни, идеология дейміз, мемлекеттік саясат дейміз, осы тұстағы бағыт-бағдарымыздың айқындалмағаны анық көрініп тұр. Жалпы, кез келген жерде мемлекет – бұл шағын отбасы деген түсінік бар. Мемлекеттік билік - отбасының үлкендері десек, халық - ол балалары. Халықты тәрбиелейтін бізде мемлекеттік саясат жоқ. Ал тәрбиесіз өскен баланың қылығы, мінез-құлқы қандай болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан бүгінгі күнге дейін  халық «өтірік айтпа, ұрлама» деген сияқты қарапайым қағидаларды санасына сіңіре алмады. Оның орнына біз телеарнадан түрлі керітартпа дүниелерді көрсетіп, соған тәрбиелеп жатырмыз. Бұл да тәрбиенің жоқтығын білдіреді. Бұған қоса қазіргі кезден бастап білек сыбанып әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге кіріспесек, бұны алдағы үлкен қауіп-қатердің алғашқы қоңырауы деп қабылдауға болады. Үлкен қиындықтарға тап болмас үшін әлеуметтік-экономикалық проблема мен жалпы идеология мен бірге мемлекеттің тәлім- тәрбие тұрғысындағы жұмыстарын қазірден бастап шешіп алуымыз керек, - дейді сарапшы-журналист Дәнеш Асқарбекұлы.

Этнология магистрі Тұрар Шәкен жәрмеңкедегі жанжалды басқа қырынан түсіндіріп берді. Оның айтуынша, халықтың тегін ас-суға таласуының түбі нәубет жылдардың зардабында жатыр. Тектану ғылым бойынша ата-бабасы ашаршылық зардабын көрген ұлт бірнеше ұрпақ ауыспай, бұл ашкөздіктен арыла алмайды. 

 Өткен ғасырдағы нәубеттің ұлтымызға тигізген зардабынан бірнеше ұрпақ ауыспай, арыла алмаймыз. Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл өтсе де, ашаршылық жайлы ашық айта алмай отырмыз. Санамызды азат етуіміз керек. Бүгінде қоғамда болып жатқан көп келеңсіз оқиғалардың салдары ата-текте болған жағдайларға байланысты болуы мүмкін.  Ата-бабалары қуғын-сүргін, ашаршылық нәубетін басынан кешкендердің ұрпақтарының жадылық кодында да қорқыныш, үрей қалып қоюы әбден мүмкін. Осының барлығы ата-әжелеріміздің генетикалық жады арқылы ұрпаққа әсер етті. Текте бар, генде бар ақпарат жоғалып кетпейді. Әйтеуір бір уақытта қайта айналып келеді. Халқымызда “Ашкөздік, түк көрмегендік” деген сөз бар. Мұның барлығы адамның санасына, тәрбиесіне, қоршаған ортасына да байланысты болады, - дейді этнология магистрі Тұрар Шәкен.