Оқиға

Өгей әкесінің зорлығынан соң босанған қыздың анасы күйеуінің адал екеніне  сенген

Таразда 16 жастағы қыз өгей әкесінің зорлығынан соң жүкті болып, босанғаны туралы оқиға белгілі болды. Жасөспірім сәбиді өгей әкесінен туғанын ДНҚ сараптамасы 99,9% нәтижемен растаған. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбайдың YouTube арнасында жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отағасын ақтау үшін және шын кінәліні табу үшін жасөспірім қыздың отбасы журналиске болған жайды айтып берген.  

Қыздың анасының айтуынша, бастапқыда 9-сынып оқып жүрген қызының арын белгісіз біреу ауыл мешітінің артында таптаған көрінеді. Ол адам қызды қорқытып, ешкімге айтпауын талап еткен.

Осы жағдайдан кейін жасөспірім қыз жүкті болып қалған. Анасы қызының зорланғанын да, жүкті екенін де толғақ басталғанда ғана білген.

«Қызым 29 қарашада босанды. Толғақ басталған кезде ғана жүктілігін білдік. Ол бойы ұзын қыз, ішінің үлкейгені байқалмады. Жедел жәрдем шақырдық, дәрігерлер жүктілігін растады. 16 жасқа толуына 10 күн қалғанда босанды», – дейді анасы.

Алғашқы тергеу кезінде полиция қызметкерлері қызды зорлаған адам өгей әкесі болуы мүмкін деген тұжырымға келген.

«Құқық қорғау органдары менің екінші күйеуімді күдікті деп отыр. Бірақ ол мұны жоққа шығарады. Өзім де бұған сенбеймін», – деген қыздың анасы.

Алайда жасалған ДНҚ сараптамасы күдікті ер адамның қыздың өгей әкесі екенін көрсетті.

«Қызымнан, өгей әкесінен және нәрестеден алынған сараптама 99,9% оның әке екенін растады. Бірақ мен бұл нәтижеге күмәнмен қараймын. Біреу қолдан жасаған сияқты», - дейді әлі де әйел.

Журналист күдікті деп танылған өгей әкемен де сұхбаттасыпты. 

55 жастағы күдікті де қазіргі әйелімен 14 жылдан бері отасып келе жатқанын, олар үйленген кезде өгей қызы 3 жаста болғанын айтып, тіпті Алматыдағы тәуелсіз орталыққа барып қайтадан жасатқан ДНҚ қорытындысымен де келіспейтінін айтқан. Ал сараптама қорытындысы алғашқы нәтижесіні айна-қатесіз қайталап, 99,9% сәйкестікті көрсеткен.

Сұхбат барысында полиция қызметкерлері келіп, өгей әкені бөлімшеге алып кетті. Кейін белгілі болғандай, полиция бөлімінде күдікті өз кінәсін мойындаған. Жәбірленуші қыз да өгей әкесінің өзін зорлағанын растады.  

Жамбыл облыстық полиция департаменті қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.