Оқиға

Есірткі контрабандасын жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бас прокуратура ірі мөлшерде гашиш есірткісі мен мефедрон психотроп затының контрабандасы үшін Тәжікстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.

2022 жылы тамызда күдікті Қостанай облысындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы тыйым салынған заттарды тасымалдамақ болған кезде ұсталған.

Күдіктінің жеке басын ескере отырып, тергеу органы оған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасын таңдаған. Алайда ол бұл жағдайды пайдаланып, жауапкершіліктен құтылу үшін тергеуден жасырынған. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

«2024 жылы мамырда күдікті Екатеринбург қаласында ұсталып, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды», - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.