Ер адам бұрынғы әйелін емханада пышақтап өлтірді
Оқиға Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында емхана ғимаратында болған. Ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлады Elordainfo.kz Атырау ONLINE Telegram арнасына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйел осы емханада заңгер болып жұмыс істеген. Шабуыл жасаған Шоқпартоғай ауылының тұрғыны. Оны Жылыой ПБ қызметкерлері жедел іздестіру үстінде ұстаған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары қылмыстың себептерін, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Аймақтағы әлеуметтік желілерде хабарланғандай, қайғылы оқиға 27 наурызда түстен кейін дәл кеңседе әйел жалғыз қалған жерде болған. Кенеттен оның бұрынғы күйеуі кіріп келіп, оған пышақпен шабуыл жасаған.
Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлер мен полицейлер әйелді аман алып қала алмаған – ол алған жарақатынан қайтыс болған.
Марқұмның артында екі баласы қалды.
«Қайғылы оқиғадан кейін емхана уақытша жабылды. Ұжым есеңгіреп қалды, қызметкерлер жұмысқа қайта оралудан қорқады», - дейді емхана қызметкері.