Елордалық полицейлер жалған үйлерді жалға беру арқылы алаяқтық жасаған әйелді ұстады
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында жалған үйлерді жалға берумен айналысқан 29 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыскер Krisha.kz сайтында үйлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Жәбірленушілермен хат алмасу кезінде ол Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында үйлерді жалға беруге уәде еткен.
Пәтер жалдауға қызығушылық танытқан азаматтар жалған банк шоттарына алдын ала төлемдерді аударып, кейін пәтер иесімен байланыс үзілген. Нәтижесінде жәбірленушілер ақшасынан айырылды.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, күдіктінің 5 эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және ақша аударудан бұрын ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет.