Оқиға

Елордалық полицейлер 15 тұрғынды алдаған күдіктіні ұстады

«Нұра» аудандық криминалдық полиция қызметкерлері спорт клубтың біріне жалған абонементтер сатқан 31 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Оның 15 жәбірленушіні алдап, олардың ақшасын иемденгені мәлім болды.

«Тергеу барысында күдіктінің алаяқтық схемасы анықталды: ол өзін спорт клубының қызметкері ретінде таныстырып, бір адамға арзан абонемент сататынын айтқан. Осыдан кейін ақпарат тарап, кейбір жәбірленушілер бұл ұсынысты WhatsApp чаттарында бөліскен. Нәтижесінде, бірнеше адам күдіктіге сеніп, Kaspi арқылы ақша аударған», - делінген хабарламада.

Күдікті соңғы жәбірленушіге 340 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Алайда жәбірленушілер спорт клубына барған кезде, олардың абонементтері жарамсыз болып шығып, кейін олар полицияға жүгінген.

Күдікті өз кінәсін толық мойындап, алданған азаматтардың ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты.