Оқиға

Елордада жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген автобус жүргізушісі анықталды

Астанада өткен «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша 1 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Оның ішінде көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ немесе заңмен белгіленген тәртіпте тіркелмеген жағдайда басқару – 27, алкогольдік масаң күйде автокөлік басқару – 18, жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік құралын басқаруы – 80, мопед басқару бойынша – 10, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынған – 34 заңсыз әрекеттер тіркелді.  

«Астана – Қарағанды бағытындағы автожолда орналасқан «Күйгенжар» бекетінде полиция қызметкерлері ірі габаритті жолаушылар автобусын тоқтатты. Тексеру барысында аталған көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылғаны анықталды», - делінген хабарламада.

Көлік жүргізушісі шетелдік автобусты қолдан жасалған нөмірмен басқарған. Заң талаптарына сәйкес, бұл әрекет Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігі бойынша құқық бұзушылық болып саналады.

Аталған факті бойынша хаттама толтырылып, іс материалдары жедел тәртіппен қарауға жіберілді. Жүргізуші өз кінәсін мойындап, жауапқа тартылды.