Оқиға

Елордада құрылыс алаңында кран құлап, бір жұмысшы қаза тапты

18 шілде күні Астанадағы Тұрар Рысқұлов көшесі, 18/5 мекенжайында орналасқан «Абырой» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қатты жел нәтижесінде құрылыс краны құлап, салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында қаза тапты.

Оқиғаға қатысты BI Group құрылыс компаниясы ресми мәлімдеме жасады.

Компанияның мәліметінше, кран техникалық тұрғыдан жарамды болған және жұмыс басталар алдында тиісті тексеруден өткен. Оқиға кран операторы жұмысын аяқтап жатқан сәтте орын алған.

"Өкінішке қарай, краның құлауынан бір адам қаза тапты. Қаза болған азамат мердігер ұйымның қызметкері. Біз марқұмның отбасына шын көңілмен қайғыра көңіл айтамыз және жан-жақты көмек көрсетеміз. Тергеу қорытындысы бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады", — делінген компанияның хабарламасында.

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.

"Құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.