Еліміздің барлық өңірінде дабыл жүйесі іске қосылды
22 мамыр сағат 09.00-де еліміздің барлық өңірінде дабыл жүйесі іске қосылды. Осы орайда ТЖМ өкілдері халықты тыныштық сақтап, дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
ТЖМ-ның мәліметінше, 2025 жылғы 22-23 мамыр аралығында Қазақстанның барлық өңірінде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Бұл іс-шара басқару органдарының, азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйесі күштері мен құралдарының табиғи өрт туындаған кездегі дайындығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығуды үйлестіру және басқару республикалық штабы Павлодар облысында орналасады.
Трансшекаралық аумақта табиғи өрттерді сөндіруге ден қоюды пысықтау үшін Ресей ТЖМ күштері мен құралдары тартылды.
Сондай-ақ аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында 2025 жылғы 22 мамырда сағат 09.00-де «Баршаның назарына!» дабылы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде барлық қолда бар дыбыстық электр сиреналары іске қосылды.
«Осыған байланысты тыныштық сақтап, үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз», - деді ТЖМ өкілдері.